Блог им. Sandu → Жалгерлік 160 пәтерді халықтан неге жасырады?

  • 14 февраля 2010, 14:28
  • Sandu
Мақаланың жалғасы
2009 жылдың бірінші тоқсанында жаңадан салынған 16 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

Талғат Темірханұлы, Алматы қалалық құрылыс басқармасының өндіріс бөлімінің бастығы
Дағдарыс кезінде мемлекеттік бағдарламалармен салынып жатқан тұрғын үйлерге қаржы уақтылы бөлініп тұра ма?


—2009 жылы екінші қайтара несиелендіру қаржысының есебінен ипотекалық тұрғын үй құрылысына 6 млрд. теңге бөлінді. Ал жалгерлік тұрғын үй құрылысына 595 млн. теңге бөлінді. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына 925 млн. теңге бөлінді. Бағдарламада көзделген нысандардың бәрі салынып жатыр, тоқтап тұрған жұмыс жоқ.
2009 жылы қанша пәтер салып өткіздіңіздер, оның ішінде жалгерлік үйлерге де тоқталып өтсеңіз. Сонымен бірге, қазіргі соғылып жатқан пәтерлердің көлемі қандай?
— 2009 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілген үйлер:
273 пәтерден тұратын көп қабатты 7 тұрғын үйді, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 169 пәтерлік 5 тұрғын үйді, ал жалгерлік тұрғын үй бағдарламасы бойынша 160 пәтерлік 4 тұрғын үйді қалалық тұрғын үй департаментінің қарамағына өткіздік. Қазіргі пәтерлердің бір артықшылығы кеңдігінде. Бір бөлмелі пәтер 39,4 шаршы метр, екі бөлмелі пәтер 64 шаршы метр болып салынуда.
Талғат Темірханұлы, Алматы сейсмикалық қатерлі аймақ болғандықтан салынған тұрғын үйлер жер сілкінісіне төтеп бере ала ма?
—Алматы 9-10 баллдық жер сілкінісі болуы ықтимал аймаққа жататындықтан, тұрғын үйлерді соған есептеп саламыз. Сондықтан да ғимараттар жер сілкінісі кезінде адам сыртқа шығып үлгере алатындай уақытқа есептелген. Зілзала бола қалған жағдайда адамдар үйіндінің астында қалмай сыртқа шығып үлгереді. Тұрғын үйлер 9-10 баллға төтеп береді деп өтірік айта алмаймын. Ондай құрылыс нысаны әлі күнге ешбір мемлекетте салынған жоқ.
Алматы қалалық құрылыс басқармасының өндіріс бөлімінің бас маманы
Ғазиз Айманбеков: Көкжиек шағын ауданындағы 1365 пәтерді Алматы қалалық тұрғын үй департаменті бізден қабылдап алды


Көкжиек шағын ауданында несиелік, жалгерлік пәтерлердің бірқатары салынып біткенін, жартысы әлі де салынып жатқанын білгеннен кейін Алматы қалалық құрылыс басқармасының өндіріс бөлімінің бас маманы Ғазиз Жетпісбайұлы Айманбековпен бірге құрылыс нысанына фото тілші Қанат Асқармен барып өз көзімізбен көріп қайттық.
Көкжиек шағын ауданына көлікпен бара жатып, жолай алдымыздан салынып жатқан мектеп пен емхананы көрдік. Мақсатымыз жалгерлік үйлерді көру еді, енді міне қаздай тізілген 6 қабатты үйлердің қасында тұрмыз. Аулаға балалардың ойын алаңын жасап, талдың көшеттерін егіп, асфальттап қойыпты. Жаңа салынған пәтерлердің бірінің ішіне ендік, олар негізінен бір және екі бөлмеден тұрады екен. Бөлмелердің іші ақталып, еденіне линолеум төселіпті. Қажетті құрал-жабдықтар орнатылыпты. Атап айтсақ, газ плита мен газды есептейтін құрал, қол жуғыш және ванна бәрі сақадай сай тұр.

Ғазиз Жетпісбайұлы, Көкжиек ауданында неше үй салынып дайын тұр?
— Көкжиек шағын ауданында 62 тұрғын үй салынған, соның 36-сын мемлекеттік қабылдаудан өткізіп, тапсырдық. Үйлердің бәрі дайын тұр. Тапсырған 36 үйдің жалпы көлемі 99 мың 167,8 шаршы метр. Ал пайдалы көлемі 71 мың 177,3 шаршы метр. 1365 пәтерді Қалалық тұрғын үй басқармасы бізден қабылдап алды.
Ал қалған 26 үйдің құрылысы әлі жүріп жатыр. Осы 26 үйдің алтауында ішкі көріктендіру жұмыстары жүріп жатыр. 62 үйдің барлығына инженерлік желілер түгел келіп тұр. Газ құбыры, ауыз су құбыры тартылып, үйге қосылған. Мәселен, мұнда қазір Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтерді несиеге алған адамдар осы үйлерде тұрып жатыр. Электр жарығы да ыстық-суық суы да бар.
Көкжиек шағын ауданындағы 26 үйді қашан бітіріп, тапсырасыздар?
—26 үйді күзде салып бітіреміз, ал жыл аяғына дейін оған адамдар қоныстануы тиіс. Олардың жалпы көлемі 62230,14 шаршы метр. Ал пайдалы көлемі 42968 шаршы метр. «Көкжиекте» барлығы 2221 пәтер салынып жатыр. Қазір үйлер суға, газға қосылмаған және электр тогының есептегіш құралы орнатылған жоқ. Тұрғын үй департаменті тұрғындарды қоныстандырмай тұрып, үш күн бұрын бізге ескертеді. Біз үш күннің ішінде үйлерге, су, газ жіберіп, электр тоғын қосамыз және есептегіш құралын орнатамыз.
Әңгімеңізге рақмет!
Көріп отырсыздар Қалалық тұрғын үй департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Болатбекұлы Тұрысбековтың газетімізге жалған мәлімет бергенін. Осы мәселені нақтылау мақсатымен тағы да сол кісінің қабылдауында болдым. Диктофонға жазылған сұхбатты еш өзгертусіз назарларыңызға ұсынамын.

Қуатбек Болатбекұлы, жалгерлік үйлерге байланысты сіз: «Олар әлі салынып біткен жоқ, Алматы құрылыс басқармасы әлі өткізген жоқ», — деп айтып едіңіз ғой. Сосын мен Алматы құрылыс басқармасына барып, сұхбат алған едім. Олар: «Біз үйлердің бәрін бірінші тоқсанда өткізіп қойғанбыз», — дейді.
—Да, ну
Сосын сол үйлерге барып, өз көзіммен көрдім. Фотоға түсірдім. Міне, мына үйлер, фотосына қараңыз.
—Оны маған неге көрсетіп жатырсың?
Ішіне дейін кіріп, бәрін тексердік.
—Убери это. (фотоларды убери деп жатыр). Өткізсе кісілерге бермейміз бе, оны неменеге сақтап отырмыз. Очередте 17 мың адам тұр. Ойлашы өзің, (Даусын көтеріп, ашулана) бермейміз бе? Оны неменеге ұстаймыз? Зачем они нам нужны? Солить что ли? Тұздаймыз ба? Ерунда какая та.
Мен Алматы құрылыс басқармасына: «Алматы қалалық тұрғын үй департаменті үйлер дайын емес», — деп айтқан дедім.
—Оны неменеге қазымырлап жүрсің? Зачем это тебе? Не үшін керек?
Үйсіз-күйсіз жүрген адамдар көп. Өзім де үйсіз-күйсіз жүрген жетім-жесірдің бірімін. Үйлер мұқтаж халықтың қолына тимейді. Прокуратура тексеріпті анау тамырына, мынау танысына кетіп қалыпты деп ылғи естіп жатамыз.
—Біз ол үйлерді әлі алған жоқпыз. Оны бізге ешкім өткізген жоқ. Жалға берілетін үйлер бізде әлі жоқ.
Үйлердің бәрі дайын тұр екен.
— Дайын болғанда оның несі дайын? Онда біз неге оны бермейміз? Сен не пәле іздеп жүрсің?
Мен пәле іздеп жүрген жоқпын.
—Сен пәле іздеп жүрсің, бостан-босқа. Сен өзің күйіп кетесің ғой.
Жоқ мен күймеймін. Менің сұрағыма жауап хат келген. Онда: «Бірінші тоқсанда 160 жалдық үйді бердік, 169 ипотекалық үйді бердік», — деп жазылған.
Құрылыс басқармасы: «Оның бәрі дайын, кіруге үш күн қалғанда қосып береміз. Жанында несиеге үй алған адамдар тұрып жатыр», — деді.

— Оның бәрі өтірік. Ешкім де үш күннің ішінде қосып бермейді. Ол үйлер дайын сықылды болып тұр, бірақ дайын емес. Зачем мне 106 квартир держать? Қайда жіберемін мен оны? Біреуге тығып беремін бе, не істеймін мен оны?
Міне, осы жағы мен де білмей дал болып отырмын.
—Строительдер: «Біз бердік, былтыр жылдың аяғанда беріп тастадық», —деп айтады. «Камазцентрді» біз ноябрьде қабылдағанбыз. Әлі кісілерді кіргізе алмаймыз. Себебі, су жоқ, жылу жоқ болғаннан майдан бастап кісілерді кіргізіп жатырмыз? Ал олар үйді декабрьде өткізіп тастаған. Сен білесің бе, бізде қандай жағдай? Нам охота, чтобы біздің артымыздан екі мың адам еріп жүргені.
Өзіңіз Көкжиектегі үйлерге барып көрдіңіз бе?
—Конечно көрдім, вместе с акимом четыре дома заселял. Заселили, через два дня ни воды, ни света, ни канализаций. Әкім болғанда су бар, екі күннен кейін су жоқ. Оказывается времянка болған. Содан кейін бізге 200 адам келіп, КТК-ны алып келіп айғай-шу шығарып жатыр.
Қуатбек Тұрысбекұлының жалған мәліметі тағы да өрге шаппады

Осы оқиғадан кейін мен Алматы қалалық құрылыс басқармасының бас маманы Ғазиз Жетпісбайұлы Айманбековке хабарласып, ыстық су, суық су канализацияның бар-жоғын сұрағанымызда: «Қазір Көкжиек шағын ауданында пәтерді несиеге алған 600 отбасы тұрып жатыр. Олардың суы да, жылуы да, канализациясы да бар. Егер Көкжиек шағын ауданында жағдай жасалмаса, адамдар қалай тұрып жатыр дейсіз? Сәуір айында су құбыры жарылып 1-2 күн су болмағаны рас, бірақ біз оны тездетіп жөндеп, ретке келтірдік. Тұрғындар шағымданған жоқ», — деген жауап алдық.
Көкжиек шағын ауданындағы жалгерлік үйлерді Алматы қалалық тұрғын үй департаменті неге жасырып отыр деген сауалға әлі күнге жауап таппай отырмыз. Тоқ етерін кім айтып, нүктесін кім қояр екен?

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.