Блог им. Malika → Жастар - біздің болашағымыз

  • 28 октября 2011, 21:12
  • Malika
Жастардың жағдайы туралы 2005 жылғы бүкіл­әлемдік баяндамада келтірілген мәліметтер бойынша, 1995 жылға қарағанда 2005 жылы жас адамдар (15 пен 24 жас арасы) саны 1,02 мил­лиар­дтан 1,15 миллиард адамға дейін өскен. Қазіргі кезде жастар дүние жүзі халқының 18 па­йызын құрайды екен.

Жастарға қатысты мәселелерді зерттеуші ғалымдардың пікірлеріне сүйенер болсақ, олардың алдында шешуді қажет ететін көптеген про­блемалар бар. Осылардың ішінен бесеуі ерекше бөліп аталған. Сөз ре­тінде Қа­зақстанда жас­тар проб­лемасына арналған зерттеулердің жеткілік­сіз­дігіне байланысты көп жағдайда ресейлік мамандардың мәліметтеріне сүйенуге тура келетінін ескерте кетпекпіз.

Олардың біріншісі “Қайда тұ­рамын?” деген проблема. Мұның, яғни пәтер мәселесінің бірнеше қырлары бар. Біріншіден, жастар барлық уақытта және барлық жерде бірдей қоғам­ның қамтамасыз етілген бөлігі бола бермейді. Өйткені, олар өмір сүруді енді ғана бас­таған, негізінен ата-аналарының табыстары есебінен күн көріп жүрген қоғамдағы жеке тап бо­лып та­былады. Ал ата-ана өмірге деген көз­қарас­тарына немесе материалдық жағдай­ла­ры­на бай­ла­нысты балаға, үйленгеннен кейін жас отба­сына жеке пәтер керек пе деген мәселені үнемі оңтайлы шешіп беріп отыра алмайды. Көп­теген жағдайда ата-ананың өз балаларының талап­тарын қанағаттандыруға қауқарлары да жет­пей жатады. Жастардың өзінде боса-болмаса ақша жоқ. Ал несие алайын десе, бір жа­ғынан тұ­рақты жұмысы, қомақты табысы болмаған­дық­тан оларға банктер несие бере қоймайды, екін­ші жағынан, амалын тауып не­сие алған күннің өзінде жастардың аса жоғары став­камен бері­летін кредиттерді төлеуді қал­талары көтермейді.

Екінші проблема “Қайда және қалай оқи­мын?” деген сауалға келіп тіреледі. Жоғары білім­сіз, кәсіби даярлықсыз табысы жақсы жұ­мыс табу мүмкін емес. Сондықтан жастар­дың дені, дәлірек айтқанда, өз ертеңі туралы ой­ланғандары білім алуды мектептен кейін де жал­ғастыруға тырысады. Бірақ бұл ретте де ақша мәселесі алдан шығады. Өйткені, жоғары оқу орнына тегін түсу үшін тума талант болу керек. Ал ондай ерекшелік екінің бірінің маңдайына жазыла бермеген. Жұрттың бәрі дарынды болып кеткен жағдайдың өзінде грант­тардың шектеулілігіне байланысты олардың белгілі бір бөлігіне ақылы түрде оқуға тура келер еді. Өмір жолын енді ғана бастағалы отыр­ған жас ондай қаржыны қайдан табады? Осы орайда емтиханнан немесе тестілеуден сүрін­бей өткендер ғана оқуды одан әрі жалғас­тыруға лайық деген пікірдің де сыңаржақ көз­қарас екенін мойындау қажет. Болашақта жақ­сы маман, іскер ұйымдастырушы болып шығу үшін сынақтарды 4 пен 5-ке тапсырып көзге түсу тіптен де міндетті емес. Өйткені, қан­дай да болмасын тест сұрақтарының адам­ның бой­ын­дағы бүкіл қабілет-мүмкіндіктерін ашып бере алмайтыны екінің біріне белгілі жәйт. Керек десеңіз, сынақтардан сүрінбей өтіп, оқу­ды ойдағыдай аяқтап шыққан кейбіреу­лердің кейін практикалық жұмысқа келгенде мүлде қабілетсіз болып шығып жатуы да әбден мүм­кін. Бұл жерде біз емтихан, тест сияқты сынақ­тардан өте алмаудың салдарынан жоғары білімге, дәлірек айтқанда, дипломға қолдары жетпей қалған жастардың арасында талай-талай іскер­лер мен дарындардың болуы мүмкін-ау дегенді айтпақпыз.

Үшінші проблема “Қайда демаламын?” де­ген мәселе төңірегінде қылаң береді. Жастар­дың көңіл көтеретін, уақыт өткізетін орындар іздеуі табиғи жәйт. Бұл қай дәуірде де өскелең ұрпақ үшін өте маңызды мәселе болып саналған. Себебі, бос уақыттарын пайдалы өт­кізу­дің амалын таба алмай зеріккен жастардың теріс жолға түсіп кетуі оп-оңай. Нашақорлық, маскүнемдік, ұрлық, төбелес сияқты қылмыс­тар да дәл осындай себептерден, әсершіл, қызба мінез жастардың “екі қолдарын ал­да­рына сыйғыза алмауларынан” туындап жатады.

Төртінші проблема “Қалай өмір сүремін?” деп аталады. Бұл жерде әңгіме табыс туралы бо­лып отыр. Тіпті дипломы болғанның өзінде еңбек стажы жоқ жас маманның жоғары жала­қы алатын жұмысқа орналаса қоюы екіталай. (Мәселен, жақсы жұмысқа шақырғандар ке­мін­де 5 жыл еңбек стажының болғанын та­лап ете­ді). Ал жастардың өмірдің барлық қы­зық­тарын көре жүріп емін-еркін өмір сүргі­лері келетіндігі аян. Оның сыртында қызмет бабында жо­ға­рылау жағын да ойлауы керек. Ал оның бәрі оңайлықпен іске аса қоятын шаруалар емес. Әсі­ресе, әркім өз күнін өзі көруі тиіс деген қағида белең алып тұрған нарық заманында бұл проблемалардың шешуі мейлін­ше қиын түйіндерге айналып отыр.

Соңғы проблема “Қандай мақсаттарға ұм­ты­лу керек?” деген сауал төңірегінде тұйыққа тіреледі. Ресейлік мамандардың пайымдауын­ша, бүгінгі жастардың бойында, олардың ата-аналарында болғандай, нақты өмірлік бағыт-бағдарлар жоқ. Өйткені, қазір мемлекеттік деңгейде қалыптастырылатын ортақ мақсаттар да, жұртшылықты соған жұмылдыратын қуатты насихаттық мәшине де жоқ. Біздің әкелеріміз бен аналарымызда қоғам заңдылықтары туралы білімдер болды, олар қандай мақсаттарға қол жет­кізудің мүмкін екенін және қайсыларының мүмкін емес екенін алдын-ала білді, деп есеп­тейді ресейлік сарапшылар. Сірә, мұны да бүкіл ел халқын тек өзінің айналасына ғана топтас­тыруды мақсат еткен коммунистік партия жү­зе­ге асырды деп түсінген орынды шығар. Қа­зіргі заманғы жастарда ондай мүмкіндіктер жоқ. Өйткені, қазір елде партиялар да, бір­лес­тіктер де, түрлі ағымдар да көп. Оның сыртын­да қазіргі жастар бүгінгі партиялардың бұрын­ғыдай “коммунизм орнату” үшін емес, билікке таласу үшін құрылатынын да шетелдік пар­тия­лар тәжірибесінен көріп, біліп алған. Сон­дық­тан өмірден әлі өз орындарын тауып үлгермеген жас буынды қаптап кеткен саяси партиялар онша қызықтыра да қоймайды. Дүние жүзі бойынша жүргізілген көптеген зерттеулер жастардың саясатпен айналысуға онша құлықты емес екендерін анықтаған. Оның есесіне олар бәрін бір өздері ғана шешетін дәулетті де әмірлі ағаларды көре жүріп, олардың алдындағы өздерінің дәрменсіздіктері мен шарасыздықтарын сезінуге мәжбүр. Мұндай көрініс жастарды ашындырып, небір кездейсоқ әрекеттерге итермелейді.

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.