Блог им. Malika → Жастар арасындағы зорлық-зомбылық

  • 28 октября 2011, 21:13
  • Malika
Жастар арасында етек жайған зорлық-зомбылық салдарынан Еуропада жыл сайын 15 мың адам өмірлерімен қоштасып, 300 мыңдай адам ауруханаларға түсіп жатады екен. Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің Еуропадағы жастар арасындағы зорлық-зомбылық жөніндегі баяндамасында жастар арасындағы мұндай бейәлеуметтік мінез-құлықтардың алдын алуға болады деп есептейтінін мәлімдеген. Осы баяндамада атап көрсетілгендей, аталған проблеманың түп-тамыры қоғамның денсаулығында жатқан көрінеді. Мәселен, зорлық-зомбылықпен жасалған әрбір 10 кісі өлтірулердің 9-ы тұрғындары төмен немесе орташа табыс табатын елдерде орын алады екен. Жастар арасындағы зорлық-зомбылық тұрмыстары қолайсыз саналатын елдерде тұрмыс деңгейі жоғары елдерге қарағанда 7 есе көп болып шыққан. Соған қарағанда қылмыстардың дені тек ақша үшін ғана жасалады деген қағида да шындықтан алыс болмаса керек.

Еуропадағы жастар арасындағы өлім деңгейі бойынша рекордтық көрсеткіш Ресейге тиесілі екенін айта кеткен жөн. Одан кейінгі орын­дарда Албания, Қазақстан, Белоруссия, Ук­раина, Қырғызстан, Грузия, Өзбекстан сияқты елдер тұр. Бұл тұрғыда Еуропадағы жағдайы неғұрлым жақсырақ ел Германия болып табылады екен. Осы келтірілген мысалдан соңғы жиырма жыл көлемінде қоғамымызда орын алған өзгерістердің, яғни нарық қаты­настарына көшудің посткеңестік мемлекеттерде тұратын жастар өміріне қаншалықты әсер еткенін айқын аңғаруға болады. Сарапшы­лардың бағалауынша, қылмыстық ортаның “жасаруы”, жасөспірімдердің аса ауыр қылмыстарға баруы қоғамдағы жүйелі рухани дағдарыстың айғағы болып табылады.

Өкінішке қарай, жоғарыдағы мысал көрсет­кен­дей, Қазақстанда да жастар арасындағы жағдай көңіл көншітерліктей емес. Құқық қор­ғау органдарының мәліметтері бойынша өткен 2009 жылдың 11 айында кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған 5 мың қылмыс тіркелген. Олардың 1,2 мыңы ауыр және аса ауыр қылмыстар. Бұл ретте жүргізілетін есептіліктің өмір шындығымен үнемі сәйкесе бермейтінін, оның сыртында алыс-алыс ауылдарда болып жа­татын үлкенді-кішілі құқық бұзушылық­тар­дың мүлде тіркелмейтінін де ескерген жөн.

Жастар проблемасы туралы сөз қозғай оты­рып, олар тарапынан жасалатын қылмыстармен қатар, олардың түрлі діни секталарға қосылып, күмәнділеу қадамдарға барып жүрулерін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Бір қарағанда ешкімге зияны жоқтай көрінетін осынау діни ағымдардың түпкі ой-ниеттерінде нендей пиғылдардың жатқанын ешкім де дөп басып айтып бере алмайды. Өмірлік мақсаттар тұрғысынан алғанда кез келген қоғамның ертеңі болып табылатын жастардың қандай да бір діни ағымдарға ілесіп, уақыттарын босқа өткізгендерінен гөрі, өздері үшін де, ел үшін де пайдалы іс қылғандары әлдеқайда тиімдірек болар еді. Бұл мәселенің әсіресе, егемендігінің іргетасын енді ғана бекітіп жатқан Қазақстан сияқты мемлекет үшін маңызы орасан зор. Егер мәселенің ақиқатына келер болсақ, діни ағымдар мен секталардың өзі қандай да бір ел халқының арасына іріткі салып, оларды уақыт талабына сай алға қарай даму жолынан тайдыру мақсаттарын көздейді. Кез келген діни ағым мен сектаның артында бүлдіргіш күштер тұр. Және олар нақа осал да емес, белгілі бір қаржылық топтарға арқа сүйеген, өздерінің өрмекшінің торындай шырмауықтарын дүние жүзінің бірқатар елдеріне таратқан күштер. Оларды, керек болған кезде ақшаны да оңды-солды шаша отырып, батыл қимылдататын да сол күштер. Өркениетті дамудың жолына жаңадан түскен, заңдары мен қоғамдық институттары жеткілікті дәрежеде жұмыс істей алмай тұрған елдердің адамдары ондай күштердің ықпалына тез түседі. Ағымдар мен секталар өз қатарына тарту үшін әдетте өмірлік көзқарастары әлі қалыптасып үлгермеген, өзінің дербес ұстанымдары жоқ, ерік-жігерлері мықты емес, білім-түсініктері таяз, айтқанға көнгіш адамдарды іздейді. Ал буыны бекіп үлгермеген жастар дәл сондай адамдар тобына жатады.

Әй дейтін әже, қой дейтін қожаның жоқтығына көздері жеткендіктен бе, олар өздерінің пиғылдарын да жасырып жүрген жоқ. Халық арасында елдің туын, гербін, гимнін мойын­дамаңдар, әскерге бар­маң­дар, ата-аналарыңды тыңда­маңдар деп ашықтан-ашық уа­ғыз тара­туы осы сөзімізге дәлел. Ең қатер­лісі, осындай бүлдіргіш күштерге қарсы жүргізіліп жат­қан принципті де тиянақты жұмыстар жоқ.

Осы орайда бұрыннан өзі­міз­ге жақсы таныс, өкінішке қарай, соңғы жылдары ұмыт бола бас­та­ған “бос уақытты ұйымдас­тыру” мәселесінің “іштерінде арыстан ойнап жатқан” жастар үшін атқаратын рөлі ерекше. Бірақ нарық заманы бұл орайда да өз кедергілерін алға тосып отыр. Ол – бос уақытты өткізетін орындардың бә­рінің ақылы болуы. Жоғарыда атап көрсет­кеніміздей, өмір жолын енді ғана бастаған, әлі жеткілікті жалақы табуға қол жеткізе қоймаған жастар үшін ақылы демалыс орындарына бару­дың өзі бір мұң. Мәселен, елордадағы спорт сарайларына бір кіріп шығу үшін ғана 300-500 теңге ақы төлеуің керек екен. Спортпен ойла­ғандай дәрежеде айналысу үшін ондай орын­дарға тұрақты түрде барып тұру қажет екенін ескерсек, жинала келгенде 500 теңгенің өзі едәуір ақша болып шыға келеді. Оның үстіне жастардың спорттың сыртында, өзге де көңіл көтеретін жерлерге барып тұрғылары келетіні айтпаса да түсінікті. Бір қарағанда жоғарыда айтылған сома онша көп те ақша емес тәрізді. Бірақ, табыстары аз, оның үстіне көңіл көтеру­ді бір-екі түрлі ғана шара деп түсінбейтін, яғни азғантай қызықты қанағат тұтпайтын жастар­дың “әй, қойшы, соны” деп қолдарын бір сілтеулері үшін соның өзі де жетіп жатыр.

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.