Блог им. Malika → Сейфолла Шайынғазы мақаласына жауап

  • 28 октября 2011, 21:14
  • Malika
Нарықтық қатынастарға құрылған қоғам­ның өзіне тән көптеген проблемалары бар екендігі белгілі. Олардың негізгісі – адамдар үшін ақшаның ең басты құндылыққа айналуы. Мұның өзі мінез-құлықтардың, өмірге деген көзқарастардың түбірінен өзгеруіне әкеліп соқтырды. Сонымен бірге, бір жағынан, арамыздан шыққан азды-көпті байшікештердің “шайқап ішіп жүрген” тоқ тіршілігі сондай дәулетке қол жеткізе алмай қалғандардың көз­құр­тына айналса, екінші жағынан, “біз неге солардай болмаймыз?” деген сауалды күн тәр­тібіне қояды. Міне, осы проблемаларды шешу үшін, адал еңбекақымен байлыққа қол жеткізе алмайтынын түсінген жас адам қандай да бір оқыс әрекеттерге баруға мәжбүр болады. Ал оның соңы әдетте секталардың со­ңынан еру сияқты қателіктерге, қылмыстық қадамдарға ұрын­ды­рып жатады. Ең өкініштісі сол, бұрындары жиі айтылатын “бақыт байлықта емес”, “алтын алма, алғыс ал” деген сияқты сөздерді бүгінде айта алмайсың. Олай айта бастасаң, “сен қай заманда өмір сүріп жатырсың” деп жастар өзіңді күлкіге айналдырады. Еліміздің заңдарын бұзбай-ақ, теріс қадамдарға бармай-ақ дәулетті өмір сүрудің жолдарын табуға болады ғой дейін десең, жастар “ол ақылыңды бізге емес, анау жағалай жайпап ішіп-жеп жатқандарға барып айт” деп тағы да бетіңнен қағады. Жоғарыда өзіміз айтып өткен сан-алуан діни ағымдар мен секталар да қалталары жұқа жұртты бірінші кезекте іздейді. Сөйтіп, оларды ақшамен қызықтырады. Болмаса біздің жолымыз ең әділетті жол деген сияқты жалаң сөзбен, құрғақ идеямен жастарды соңына ерте қою мүмкін емес екенін олар жақсы түсінеді.

Осы айтылғандардан шығаратын қоры­тынды, бүгінде “айналайын, ақылды бол, теріс жолға түспе”, деген жалпылама сөзбен жастарды өнегелілікке шақыру тіптен де мүмкін емес. Қазіргі уақыттың сұранысы нақты істі талап етеді. Ол іс, біріншіден, заңның әр бабының сақталуын қатаң қадағалаудан, екіншіден, жастардың жағдайына тиянақты көңіл бөлуден көрініс табуға тиіс. Мемлекет заңдарының орындалуын қамтамасыз ету арқылы елде тәртіп орнатып, теріс пиғылды түрлі ағымдар мен ұйымдардың талтаңдай басуына тыйым салынатын болса, жастардың бос уақыттарын өткізулеріне қолайлы мүмкіндіктер туғызып, жұмыспен қамту арқылы олардың әлдебіреулердің айтқандарына еріп кетулерінің алдын алуға болады. Егер адамның тұрақты жұмысы, тұрмысына жеткілікті жалақысы бар болса, ондай адамдарды бәзбіреулердің өз қатарына шақырған үгіт-насихаттары онша қызықтыра да қоймайды.

Қандай да болмасын бір мәселе төңірегінде өзімізше ойланып, өзімізше зерделеп-зерттеп үйренбеген біз қоғамда болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарға да біреулердің айтулары бойынша баға беруді әдетке айналдырып алдық. Кеңес өкіметі жаман болғандықтан құлап қалды деген сөзді, содан бір талай заман өтіп, талай жағдайлардың ұшырасқанына қарамастан, әлі күнге дейін бәріміздің жамырай қайталай беруіміз соның дәлелі. Егер біз өз беттерімізше топшылай алатын болсақ, ешқандай мемлекеттің, тіпті оның экономикалық жағдайы өте нашар болған күннің өзінде де, сыртқы бір күштер әсер етпесе, өздігінен жалп етіп құлап қалмайтынын әлдеқашан түсінген болар едік. Әлемде кедейшілікте, тіпті жоқшылықта өмір сүріп жатқан, даму жағынан мешеу қалған елдер аз емес. Солардың ешқайсысы құлаған жоқ, тіпті құлайтын да түрлері көрінбейді. Оларды құлату үшін соған мүдделі күштер пайда болып, олар ел ішінде іріткі салуы керек. Сонда ғана мемлекеттің, тіпті ол белгілі бір дәрежеде қауқарлы болғанның өзінде, іргетасының ыдырай бастары күмәнсіз. Олай болса, ел ішіне кіріп алып өздерінің жымысқы әрекеттерін дүниетанымдары солқылдақтау саналатын жастар арасында іске асырып жүрген діни секталар мен ағымдардың, өзге де мақсат-мүдделері күмәнді ұйымдардың сондай арам ниеттерінің жоқтығына кім кепіл бола алады?

Өскелең ұрпақ жаңа ғана бүршік жарып өсіп келе жатқан жас шыбық тәрізді. Егер сол өскіннің өзегіне құрт түсіп кетпей, еліне пана болатындай жапырағын жайған мәуелі бәйтерекке айналсын десек оған ерте бастан дұрыс күтім керек екендігін де естен шығармаған жөн. Сонда ертеңгі күнде есеміздің кетпейтініне деген сенім де беки түспек.

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.
государственная поверка весов