Блог им. Malika → ОТБАСЫ – ОТАНЫМЫЗДЫҢ ОШАҒЫ

  • 09 декабря 2011, 19:23
  • Malika
Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Ақын сөзімен айтқанда: «Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі», — десек артық емес. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге (ауыстыруға) болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.

Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.
Қара шаңырақ, үлкен үй деп атайтын әкенің үйіне болашақта кенже ұл ие болып, қарттарды бағып-қағатын, көне салт бүгінгі қазақ отбасыларында да сақталған. Ал үлкендері үйленіп үй болысымен еншілерін алып, бөлек шыққан. Жасы кіші болса да кенже иеленген үлкен үй басқа жасы үлкен туыстары үшін де қадірлі, қасиетті үй ретінде саналған.

Қазақ қоғамындағы әйелдердің орны жайлы әңгімелегенде, Орта Азияны мекендеген басқа халықтардың әйелдерімен салыстырғанда қазақ қыздары мен әйелдерінің анағұрлым еркін болғанын айтқан жөн. Олар жүздерін жамылғылармен бүркемей, ашық өмір сүрген. Дегенмен, қазақ әйелдері үшін басты міндет – отбасы беріктігін сақтау, бала тәрбиелеу, ерлерін барынша сыйлау, рухани қолдау көрсету болып табылады.

Түйгені көп шешесі қызымен, келінімен өмір тәжірибелерін бөлісіп, болашақ үлкен өмірге дайындайды. Туыс ағыйындардың әйелдері – абысындардың қарым-қатынасы өзара көмек пен түсіністікке, берекеге құрылады. Сондықтан да, «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп», — деген.

Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: « Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», — деп мадақтайды.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта, ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар аударылған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр. Билік, батырлық, әншілік, серілік, мергендік, аңшылық, зергерлік сияқты ата-баба өнерін жеті атасына дейін жалғастырған әулеттер қазір де баршылық.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейтін қазақ қыз балаларының тәрбиесіне аса үлкен назар аударды. Кәмелетке толғанға дейін бойжеткен болашақ отбасы өмірінің басты міндеттерінен сабақ алды. Ол ерінің адал жары, ана болу, отбасы беріктігін сақтаушы қызметіне, шаруашылықтың барлық жақтарын игеріп жүргізуге, қонақты лайықты қарсы алуға, туыстарын сыйлап қадірлеуге дайындық тәрбиесі. Көргенді отбасылары қыз баланы «қонақ» деп мәпелеп, қадірлеп өсірген. Қыз баланың тәрбиесіне ең бірінші анасы жауапты болған. Сондықтан қазақ «Шешесіне қарап қызын ал» – деген.

Ұзатылып келген қалыңдық үйлену тойының ертеңінде бүкіл ру, әулет, ауылға келін болып саналады. Өзі аттаған босағасының, рудың адамы санатына қосылып кетеді.

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.