Блог им. Malika → Ат қою

  • 09 декабря 2011, 19:25
  • Malika
Оның ежелден қалыптасқан жүйесі бар
Бала – адамның бауыр еті. Қай ата-ана да өз шаңырағында шыр етіп сәби дүниеге келгенінде оған ең жақсы есімді қоюға тырысады. Негізінен, жаңа туған сәбиге есім таңдауға қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ. Алайда, әрбір ата-ана баласына ат қоярда өзіне жүктелер жауапкершілікті жете сезініп, оған сақтықпен қарағаны, он ойланып, он толғанып барып қана жүрегі қалаған есімді сәбиіне қойғаны абзал. Өйткені, есімдердің адам өміріне, адам атына планеталардың ықпалы өте айрықша.
Ырымға байланысты ат қою
Қазақтың салты бойынша, жас нәресте туған кезде ата-анасы ең сыйлы, қатты құрмет тұтатын адамына өз сәбиінің есімін қойғызады. Кейде олар келісе отырып, бала есімін өздері таңдайды. Егерде әке-шешесі, ата-әжесі тірі болса, өз немере, шөберелерінің есімдерін солар қояды. Мұндайда үлкен кісілердің айтқаны – заң. Олар айтқан есімді ата-анасының азан шақыртып, сәбиіне қоюы – бұлжытпай орындалатын міндет. Тек есте болатын бір жағдай, сәбиге ат қойғанда айтылуы қиын, қатаң дыбысты, жақсы да жаман мағына беретін, немесе айқайлап тұрған есімдерді қоймаған жөн.
Біздің дана халқымызда «Балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған байланысты болады», — деген наным-сенім бар. Адам есімі келешек тағдырына қанша-лықты ықпал етеді? Аттас адамдардың көбісінің мінез-қылығы неліктен бір-біріне ұқсас? Бұл ХХ ғасырдың басынан бері ғалымдардың зерттеу жүргізіп келе жатқан жұмыстарының бірі. Соның нәтижесінде кейін адам есімдерін зерттейтін антропонимика ғылымы пайда болды. Осы адам есімдерін зерттеуші ғалымдардың дәлелдеуінше, есім бала өміріне айтарлықтай әсер етеді, сәбилерді неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, баланың тұла бойы соған сәйкес көркемделе түседі.
Ырымдап ат қою – қазақтың қанына сіңген дәстүрі. Соның ішінде бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою – бұрындары жақсы ырым саналған. Және де ата-бабаларымыз жаңа туған нәрестеге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген ниетпен баласына әдейі түпкі мағынасы сиықысыз есімдерді де қойған. Мұндай дәстүр қазақтарда ғана емес, орыстарда да бар. Орыс халқында: Клавдия (ақсақ), Ардалион (лас), қазақ халқында: Жаман, Қиқым, Шоқпыт, Сасық секілді есімдер сондай ырыммен қойылған. Жалпы, Шоқан Уәлиханов ырымды әдет-ғұрыпқа жатқызса, Сейіт Кенжеахметұлы «Ырым – халықтың жақсы ниетінен туған ғұрып, халықтың сенімі мен ақ ниетінен, шын көңілінен туған ұлттық ерекшеліктің бір саласы»,- дейді. Олай болса, ырымдап ат қоюдың айыбы жоқ. Қайта ол – жақсы дәстүр. Тек қазіргі заманда бұрынғыдай мағынасы сиықсыз есімдерді балаға қоймағанымыз дұрыс.
Бұрындары балаға есімді бесікке бөлер алдында қойған. Қазақтың салт-дәстүрін зерттеушілердің бірі Ю.Бошняков бұл туралы былай деп жазады: «Баланы бесікке бөлерде күн ілгері ауыл-аймаққа хабар беріліп, әркім қал-қадірінше той жасайды. Тойға жиналғандар балаға қатысты екі шараны жүзеге асыратын болған. Бірінші ке- зекте балаға ағайын-туысының ұйғарымымен өздері іштей құптап жүрген есімді қою. Мұны сол ауылдың ең беделді азаматы сәбиді қолына алып азан шақырып, үш рет бала есімін құлағына қайталайды. Ал, ақсүйек әулеттердің баласына есімді молда құран оқып, кітапқа қарап қояды. Мұнда көптеген ырым-жорамал бар. Маңдайы нұрлы болып туған бала тіл-көзден аман жүруі үшін оған Итаяқ, Күшік, Жаманбала, Сасықбай деп, әдейі жиіркенішті есім қоя салады. Баламның аты затына сай болсын деп не-бір жаһангер қолбасшы, дінбасы, пайғамбар есімдерін де беретіндер болған. Бірақ, олардың есімін әке-шешесі ержеткенше жасырын атап жүреді. Себебі, бала ол есімді көтере алмай, өліп қалуы ықтимал деп жорыған» (Ю.Бошняков, Денсаулық, 1991, № 11, 25 бет). Иә, баласының атын ырымдап қою – ата-анасының ниетін білдіреді. Қазір де көп адам баласына ғұлама болсын деп – Марғұлан, Қаныш, ақын болсын деп – Абай, батыр болсын деп – Едіге, Жәнібек, Алпамыс, ақылгөй ана болсын деп – Зере, Айғаным деп ырымдап ат қойып жатады. Кейінгі кезде елімізде Нұрсұлтан есімді балалар да көбейе бастады. Бір ғажабы, кейбір елдерде «тағдыр» деген сөз ат қою деген мағынаны білдіреді екен. Бұл сөздің жаны бар. Өйткені, ертеректе адамдар атын өзгертуді өз өмірін басқа арнаға бұру деп қабылдаған. Өмірінде күрт өзгеріс болған, мысалы, күйеуге шыққан қыздардың тегін өзгертуі де осындай түсініктен шыққан дейтіндер де бар. Бәрі мүмкін. Ал, Латын Америкасында бір адамға қосарланған аттың сыртында бірнеше есімді, яғни, 8-9 атты бірақ қою дәстүрі қалыптасқан. Оны Бра- зилия мен Мексиканың телевизиялық сериалдарынан айқын аңғаруға болады. Бұл теледидарлық хикаяттарда Луис – Карлос – Фернанда – Аугусто – Мария – Хосе — Игнасио деген шұбалаңқы есім айтылмайды ма? Бұл жақта өзіне осындай шұбалаңқы есім қойылған бала өсе келе солардың ішінен бір атты таңдап алып, туған-туыс, жолдас-достарына сол есіммен өзін атауды өтінетін көрінеді. Есімдерді ырымдап қою бірнеше топқа бөлінеді. Олар негізінен, мынандай: атақты, белгілі, ғұлама, жақсы адамдарға тартсын деп олардың есімін қою, бала тілеп, тілеуі қабыл болғанда шүкіршілік айтып, соған лайықты атау (Ондай есімдер: Тілеуқабыл, Аллаберген, Құдайберген, Тілеуберген, Тәңірберген). Шаңырақта сәби шетіней бергенде сәби тұрсын деп, жағымсыз аттарды қою. Ат ұстар ер бала тумай, қыз өмірге келе бергенінде қыздың есіміне «ұл» сөзін тіркес етіп, сәбиді, Ұлтуған, Ұлмекен, Ұлбосын, Ұлтуар, Ұлжан тәрізді есімдермен атап, ұл күту. Егерде баланың бойында меңі, қалы бар болса, қазақтар ұл-қызын соған сәйкес Қалдыбай, Меңдігүл, Меңсұлу деген тәрізді есімдермен де атаған. Тіпті, қазақ халқында ырымға да қатысты мынандай есімдер бар: Ырымкүл, Ырымбала, Ырымтай, Ырымжан. Баласы қайтыс болғаннан кейін шаңырақта тағы да бір сәби дүниеге келсе, біздің ата-бабаларымыз оны өлген ұл-қызының орнына келген санап, сол баланың өтеуі деп, ұлдарын Төлеген, Төлеу, Төлеубек, Төлеуқадыр деп атауды ырымға айналдырған.
Республикалық «Жас Алаш»газетінде жарияланған бір мақалаға арқа сүйесек, 24 жылда 20 баланы дүниеге әкелген Қамаш апай қыз бала тоқтап, орнына ұл келсін деген ырыммен 8 қызының есімін Тоқтар деп атапты.

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.