Блог им. Malika → «Күн — күйеу, жер — қалыңдық…»

  • 09 декабря 2011, 19:42
  • Malika
Қазақ ең жақын, өте жақсы көретін адамына «күнім», «айым» дейді. Ай — қараңғы түндегі жалғыз сәуле болса, Күн — бүкіл әлемнің жарығы. Адам баласы сусыз, ауа мен жерсіз де өмір сүре алмайды, бірақ халық ешқашан «суым», «ауам», «жерім» деген теңеу айтпайды. Демек Күн мен Ай астарында ежелгі сенімнің көрінісі барын байқаймыз.

Қазақ халқының танымында, әсіресе, «күн» образының символдық мәні ерекше деуге болады. Бұл образ ежелгі наным-сенімнің сарқыншағы ретінде бүгінгі күнде де өз деңгейінде танымдық шеңбер құрған. Күн бейнесі қазақ танымында уақыт, наным-сенім секілді категориялардың әрқашан өзгеріп тұратындығына сәйкес, мынадай тұжырымдарға негізделеді: 1) Күн — жасампаз қаһарман; 2) Күн нұры (немесе нұр) — жасампаздық күш; 3) Күннің «елшілері» — күнтекті адамдар.

Күн түркілік танымда ең алдымен — жасампаз қаһарман. Ол — жерді жаңартушы, көрік беріп, әлемді түрлендіруші. Мифтік танымға сәйкес, алғашында Күн құдай ретінде көрінді. Тәңіршілдік діні келмей тұрған кездің өзінде, халық Күнді жаратушы, ғаламды жасаушы құдірет ретінде көрді. Күнді — жасампаз, сонымен қатар Ер адам кейпінде яғни «әке» деп ұғынып, оның қосағы, серігі Жер — «ана» деп түсінді. Космогониялық түсінікке сәйкес, ғаламды жұмыртқа моделінде елестеткен халықтың бұл пайымын Серікбол Қондыбай сөздің түбірінен іздейді. Жұмыртқа деген сөздің «жұм» деген түбірін басшылыққа алады да, түрлі мысалдарды келтіре отырып (жұмарлану, ұмар-жұмар болу), былай дейді: «Егер мифтегі ғаламдық жұмыртқа әлі ажырамаған аспан мен жер болса, онда аспан — еркек пен жер — ұрғашының әлі ажырамай, аймаласқан сәті «жұмарласу», сол сәттегі сыртқы пішіні жұмыртқа болатыны түсінікті» (С.Қондыбай. Қазақ мифологиясына кіріспе. – Алматы: Зерде, 1999 жыл).

Енді Шәкәрім өлеңдерінен мына бір үзіндіні алайық:

«Жан беріп жарық, жылы нұрдан,
Күн-атам Жерді буаз қылған.
…Жанымыз Күннен келген нұрдан,
Тәніміз топырақ пен судан,
Күн — атам, анық Жер — анам.
Бірі нұр беріп, бірі — тамақ.
…Ер жетем, толам, қайта солам,
Әрі анам бұл жер, әрі молам,
Денемді жұтпай тынбаған.
Кетеді жаным нұрға таман,
Жазықсыз болса, барады аман,
Қиянат істі қылмаған».

Бұл жолдардағы түсінік Абай ұғымымен ұқсас, бірақ Шәкәрім өлеңінде діни сенім көрінісі: адам тәнінің топырақ пен судан жаралғандығы және адам жанының мекені Көк, яғни Нұрдың тұрағы деген түсінік бар. Сонда Шәкәрімде Күн мен Жердің астарында жан мен тән жатыр, яғни бұл — жанның мекені Күн, тәннің мекені Жер деген байлам. Абайда бұл түсінік таза жаратылыстық тұрғыда болса, Шәкәрім жыры астарынан ислами түсінікті көреміз.

Күннің екінші жасампаздық қасиетіне келсек, мұны фольклордағы нұрдан жаралу мотивінен байқаймыз. Мына бір мифті алайық: «Хан сұлу қызын туысымен қараңғы темір үйге тығып қойыпты. Оған тек бір кемпір ғана қызмет етеді екен. Қыз бой жетіп, кемпірден қайда барып жүргенін сұрағанда, ол: «Жарық дүние бар, қызым, сонда барамын», — дейді. Қыз сол жарықты көрсетуін өтінген соң, кемпір оны алып шығады. Жарық сәулені көрген соң, қыздың басы айналып құлапты. Содан жүкті болыпты. Мұның бәрі күн нұрының киесінен болған» (Қазақтың мифтік әңгімелері. Құраст. Ш.Ыбыраев. – Алматы: Ғылым, 2001).

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.