Блог им. Zhadyra → ОДАҚТЫҢ ФИЛИАЛЫ ҚАШАН ҚҰРЫЛАДЫ?

  • 19 декабря 2011, 16:39
  • Zhadyra
Жадыра БОЛАТҚЫЗЫ.

Жыр-толғау, көркемсөз өнері, іргелі істердің ілгері қозғалуына жалпы поэзия мен прозаның, кенжелеп кежегесі тартылып тұрған сатира, драманың дамымау себебі бір ғана нәрсеге келіп тіреледі. Осындай құндылықтарымызды бір қазанда қайнататын – Жазушылар Одағының өңірлік филиалының жоқтығы. Өскелең ұрпақтың тырнақ алды туындысын ұштап, қанатын қатайтып бір бағытта өнер өлкесіне жіберетін алдыңғы буын ақын ағаларымыз бұл бастаманы қолға алмай жүргеніне таңым бар.
Павлодар өңірі киелі мекен екені анық. Жұмылып бір жұдырық болар ақын ағаларымыздың аласы 20 жыл өтсе де тарқамаған секілді. Бізде бір пендешілік деген бөтен ойдың ортамызда ойрандап жүргені белгілі. Қай ақынды айтсақ та өзіндік жоспары мен өзіндік «менін» алға қояды. Осындай пікірлердің кереғарлығынан бет-бетімен бөліне шауып, әркімнің өзімсіп жүргені баршаға аян. Ақын ағаларымыз Арман Қани, Ғалымбек Жұматов, Серік Елікбаев, прозадан біршама биік көрінетін Ақын Алақан сияқты сөзі мірдей алдыңғы буынның бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық тұлғалары Одақты қажет етпегені ме?
Соңғы он жылда поэзия қарқыны едәуір алға шықты. Бұл — әрине, жақсылық нышаны. Белгілі бір мерекелерде немесе өңірдегі ақын-жазушылардың туған күніне байланысты ұйымдастырылатын жыр мүшәйрасының арқасында поэзияға кең жол ашылды. Оның өзі құмға біткен бірнеше қараған секілді жылына бір-екі рет қылт етіп отырады. Осындай сирек мүшәйраның өтуімен орта буын жас ақындар легі қалыптаса бастады. Атай кетсек, Қуанышбек Шарманов, Жарқынбек Амантай, Алтынбек Мұқышев, Еркебұлан Зағыпаров, Алпысбай Хонж, Айбек Оралхан т.б. сияқты жас ақын ұлдар. Алайда, соңғы 1-2 жылдың ішінде бұлардың да басы қосылып орта болудан қалып бара ма деймін. Өйткені жас ақындар өз студент кездерінде өлеңнің өлшеміне құлаштап тұрып кіріскен еді. Ал қазір құлқынның құлы болған мынау нарық заманында әркім өз тіршілігімен әуре. Саясаттың өзі де бір орталықтан басқарылмай ма? Сол сияқты өнер ортасының филиалы құрылар болса, әдеби арнамыз бағытын табар еді.
Республикалық әрбір проза болсын, поэзия болсын үлкен ірі сайыстарға жұмыла шабытын шыңдап шабандоздарды жіберер едік. Сатиралық, драмалық шығармаларды біздің жұрт ұмытқалы қашан?
Нүктені қояр кезде айтатыным – олқылыққа солпылық жасамай, алдыңғы буын ағалар жастардың басын қосар Жазушылар Одағының филиалын құруға әрекет жасаса құп болар еді!

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.