Блог им. Zhadyra → ӨГЕЙСАНАЛЫЛАР ҚАПТАСА...

  • 19 декабря 2011, 16:42
  • Zhadyra
Жадыра САТТАРОВА.

«Өз ана тілін менсінбейтіндер – өз ұлтын үш рет өлтіргендер». Бұл сөзді атақты философ Гегель ерте заманда айтып кеткен. Егер Гегель бүгінгі қазақтардың қазақ тіліне деген «құрметін» көрсе, не дер еді? Сірә, теңеу таппай қиналар ма, кім білсін…
Ұшқан құстың қанаты талатын қазақтың кең байтақ, дархан даласын мекен еткен қандастарымыз ананың ақ сүтімен даруы тиіс қазақ тілін меңгеру үстінде. Бүгінде қаракөздеріміздің жартысына жуығы өз тілдерінде сөйлемейді екен. Ұят-ай! Ата-бабадан жеткен асыл қазынамызды осынша қорлағанымыз, құлдыратқанымыз қай сасқанымыз. Бүгінгі қоғамның қазақтары ана тілі курсына жазылып, сабақ оқиды, қазақ әріптерін ежелеп, сөйлем құрауға жаттығады. Айтарға сөз жоқ. Өкініштісі, осынау түкке тұрмайтын іс-әрекеттерін мақтаныш санап: «Қазақ тілі курсына жазылғанмын» дейді. Ұлттық құндылық үшін осыдан артық зәбір бар ма?
Алпауыт Ресей елінің боданы болдық деп, ана тілімізге миығымыздан қарағанымыз Тәуелсіз мемлекет үшін түк те мәртебе емес. Жарайды, оған түсіністікпен қаралық. Ал Тәуелсіздіктің көк туын тіккелі жиырма жылдың жүзі болды. Содан бері қазақ тілінің жағдайы көңіл қуантарлықтай деңгейге жетуі тиіс еді. Бірақ, мемлекеттік тіл үшін әлі де болса күресіп келеміз. Кіммен? Өзіміздің қаракөз қандастармен. Өзге ұлттан емес, қазақтың өзінен ұят кетті, ар-намыс жолда қалды. Бір ағамыз «қазақтың жауы – қазақ» деген екен…
Мемлекеттік тілді меңгермей, болашақ бұлыңғыр екенін жете түсінген кейбір өзге ұлт өкілдері қазақ тілін әлдеқашан өз ана тіліндей құрметтеп, бұлбұлша сайрайды. Ерекше атап өтерлігі, тіл білетін пысықайлары билікте жүр. Ал үміт күтер біраз қара көздеріміз есік күзетіп, босағаға қожалық етеді. Ана тілімізді ардақтап, ұлттық рухымызды биік ұстағанда, мұндай жағдайға жетпес пе едік деп те ойлаймын кейде.
Жиын-тойларда, келелі отырыстарда қазақ тілінің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы сөз қозғасаң, ала көзімен «сүзетіндер» бар. «Осы тақырыпты неменесіне қазбалай береді? Үйреніп жатырмыз ғой!» дейді. Солайы солай шығар. Бірақ, өз ана тілін орда бұзар отызға келіп меңгерген біртүрлі қызық екен. Ерсілеу көріне ме қалай, өзі? Бұл үшін шала қазақтардың мұрты да қисаймайды. Қазақтың намыс туына айналған Бауыржан Момышұлынан неден қорқатыны туралы сұрағанда, тұлғалы батыр «бесік жырын айтпайтын келіндерден, ертегі айта білмейтін әжелерден қорқатынын» білдірген екен.
Жуырда шала қазақтар арасында өткен байқауға қазылық еткендер арасында болдым. Қазақтар өз ана тілдерінен тапсырмалар орындады. Дүйім жұрттың көзінше түбі тесік қандастарыңа (осылай деп айтпасқа шара жоқ) баға берген тұрпайы көрінеді екен. Оларға жоғары баға қоюдың өзі қылмысқа барумен тең секілді болып көрінді маған. Шара соңында осыны айтып едім, барлығы дуылдатып қол соқты. Түсінгенім, солар менің сөзімді қолпаштады, мақтап жатыр деп езулері құлаққа жетіп, дуылдасты.
Өңірімізге белгілі бір ардагер журналистің өгейсаналы шала қазақтарды «қара Ивандар» деп атағанын естіп едім. Ана тілін білмейтіндерге осыдан асқан қасірет жоқ шығар. Бірақ, олар мұны түсінбейді де ғой. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Қара Иван» атанудан сақтанайық.

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.