Блог им. Zhadyra → КӨК ӨГІЗДІҢ ЖОҒАЛУЫНА ӨЗІМІЗ КІНӘЛІ ЕМЕСПІЗ БЕ?

  • 19 декабря 2011, 16:44
  • Zhadyra
Жадыра ӘМІРЕНОВА.

Халық жазушысы Ғабит Мүсірепов айтпақшы «оқырманға ой салатын, ойландыратын, қызықтыратын» дүниелерді жазу кез келген тілшінің басты мақсаты. Мен де халықтың көкейінде жүрген көп сауалға өзімше жауап іздеп көрмекпін. Тіршілік болғасын түйткүлді мәселелер орын алмай тұрмайды. Кейде осылардың бәрі адамды әртүрлі ойға жетелейді екен.
Жуырда туған ауылыма бардым. Қыруар мал ұстайтын ел азаматтары ұрыға ұрынып қаламыз ба деп алаңдап отыр. Олар: «Кеш қарайып, күн батса, жан-жақты торуылдап автокөлік жарықтары «жүреді». «Жапалаққа күннен түн жарық» дегендей, ұрылардың ұрын барар кезі де түн. Ұйқымыз қашты»-, дейді. Ауылдықтардың айтуына қарағанда, «аузы күйгендер» түнімен мал күзетуге кезекке тұрады екен. Олардың жүздерінен «Малым жанымның садағасы» деп қолды бір-ақ сілтейік десек, ертеңгі күнімізді ойлап есіміз кетеді» деген қынжылысты байқайсың. Шындығында да, ауыл адамдарын қатардан қалдырмай, асырап отырған — төрт түлік мал. Ал ондағы ағайын «маңдай теріммен тапқан «байлығым» көлденең көк аттыларға бұйырып жүрмей ме?» деп алаңдайды. Олардың айтуынша, үйір-үйір жылқы бір-ақ күннің ішінде қолды болады екен. Жергілікті құзырлы мекемелер оны тізімге алып, іздестіреді. Алайда, көп жағдайда ешқандай нәтиже болмайды. Елдегілер де тек жатпай, бақсы — балгер мен құмалақшылардың «үкіміне» құлақ асады. Осылайша, үміт отын сөндірмей, сандалып күн кешеді. Жоғалған малынан хабар болмай, күдері үзілгенде амалсыз «осы полиция өкілдері мен ұрылар ауыз жаласқан ба?» деген күдік айта бастайды. Дәл осындай жағдай мал шаруашылығын ширатып отырған кез келген елді мекенде көрініс табары анық. Нүктесіз сөйлем болмайды. Мұның да бір шешімі болуы тиіс.
Бір жағынан, алдындағы малынан көз жазып қалатын ауыл адамдарының өздері ме деген ой келеді. Себебі, малды қараусыз қалдыратын солар. Төрт түлік малды таң азанда қотаннан шығарып, өріске жібереді. Одан кейін үйде жатып алып, «балам, төбеге шығып, малдарды қарашы» деп, басқа шаруасына кіріседі. Ал бала оны қарады ма, қараған жоқ па, ол жағы иесіне маңызды емес. Өрістен келмей қалса: «түн ішінде кім әкетер, ертең тауып аламыз» деп жайбасарлыққа салынады. «Түлкіні түн асырайды» демекші, ұрылардың «қызметіне» кірісер уақыты да осы мезгіл емес пе?
Осылайша, кінәнің бір ұшы ауыл адамдарының өздерінде ме деп ойлайсың. «Сақтықта қорлық жоқ» деген. Бастысы, өз тірлігімізге өзіміз жауапты екенін еш ұмытпайық. Сіздің бұған қандай алып-қосарыңыз бар, құрметті оқырман!

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.