Блог им. Zhadyra → САҒЫМДАЙ БОЛҒАН СПОРТ АРНАСЫ

  • 19 декабря 2011, 16:50
  • Zhadyra
Жадыра БОЛАТҚЫЗЫ.

Биылғы жылдың бірінші қыркүйегінен бастап «Қазақстан» ұлттық арнасы толықтай қазақ тілінде хабар тарата бастады. Осынау жағымды жаңалықты алғаш естігенде бөркін көкке атқан ағайынның қуанышында шек болмады. Қазақ тілінің қанат жаяр кезеңі басталды деп сүйінші сұрасты жұрт.

Естеріңізде болса, осыдан тура бір жыл бұрын кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Балапан» телеарнасы ашылды. Жуырда «Мәдениет» телеарнасы өз көрермендерімен қауышты. Мұның барлығы — отандық телетаратылым саласындағы айтулы жаңалықтар. «Мәдениет» пен «Балапан» арналары «Қазақстан» ұлттық арнасының базасында орын алды. Ендігі кезекте спорттық арна ашу уақыт талабына айналып отыр.
Спортта үлкен саясат жатыр. Осыны жете түсінген әлем елдері аталмыш саланы дамытуға мықтап бекінген. Мәселен, футболды айтсақ, алдымен ауызымызға Бразилия оралады. Шайбалы хоккей десек, Швеция еске түседі. Боксты сөз еткенде міндетті түрде кубалықтарға «соқтықпай» өтпейміз. Олар аталған спорт түрлерін мемлекет ішінде кең насихаттауда. Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде еліміздегі спорт саласы жаңаша әрі тың қарқынмен алға басты. Қазақтың қайсар жігіттері бокстан жүлденің алдын бермейтін кубалық қабыландарды бірнеше мәрте тағынан тайдырды. Хоккейші қыз-жігіттеріміз Азиядан қарсылас таппай, Еуропаны бетке алғалы қашан. Нәтиже де жаман емес. Өкінішке қарай, жоғарыда аталған және басқа да спорт түрлерін ел ішінде насихаттайтын бірде бір телеарна жоқ. Алаш жұрты өз спортшыларының өнеріне тікелей әуе толқыны арқылы куә болып, қолдау көрсеткісі келеді. Алайда, мұндай мүмкіндік оларға әлі бұйырмаған. Дүбірлі додаларды қалалықтар интернеттен қарап, соған «тәубе» десе, ауылдықтар «қашан жаримыз» деп қынжылады.
Жуырда Әзербайжан астанасы Бакуде бокстан өткен Әлем біріншілігінен қазақстандық телеарналар тікелей таратылым ұйымдастыра алмады. Өкінішті-ақ. Спорттық телеарна керектігі осы жерде көзге ұрынды. Байрақты бәсекені «Қазақстан» ұлттық арнасы бір күн кешіктіріп барып көрсетті. Алайда, спорт сүйер қауым оған дейін барлық нәтижелерден хабардар болып, арқасын кеңге салып отырды. Шыны керек, ұлттық арнаның ұсынған көрсетілімі тамаша болғанымен, Баку төрінен тікелей эфирдің болмауы — намысымызға сын. Тағы бір мысал: Футболдан Еуро-2012 іріктеу кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасының Түркия және Әзербайжан құрамаларымен болған кездесулерін де отандық бірде бір арна тікелей эфирден көрсете алмады. Түркияда өткен жеңіске бергісіз ойынды әркімнің-ақ тамашалағысы келгені анық…
Қазақстанда спорттың дамып келе жатқандығын әлем жұртшылығы мойындайды. Спорттың кез-келген түрінен елімізде командалар баршылық. Шетел ареналарында да өнер көрсетіп жүрген командаларымыз бен спортшыларымыз жетерлік. Жалпы, бір тәулік ішінде әлемде бір мыңнан астам жарыс өтеді екен. Бірақ, біз олар туралы кеш естиміз.
Солтүстік көршіміз Ресейді былай қойғанда, Өзбекстанның өзінде 5 спорттық телеарна жұмыс істейді екен. Сол өзбек ағайындардан қай жеріміз кем?! Экономикамыз да, әлеуметтік тұрмысымыз да әлдеқайда алға басқан. Бірақ, ала шапандыларға қызығып қарауға мәжбүрміз.

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.










Входные двери со стеклом для загородного дома
получить и самому установить! Легче, чем открыть дверь
dveri063.ru
https://pizza-country.ru свежевыжатый натуральный сок
pizza-country.ru