Блог им. Zhadyra → ТОЛАҒАЙ ЖЕҢІСТЕРДЕН ҮМІТТІМІЗ

  • 19 декабря 2011, 17:00
  • Zhadyra
Жадыра БОЛАТҚЫЗЫ.

Елімізде спорт саласы айрықша қарқынмен дамып келеді. Бұған әлемдік деңгейдегі жарыстарда жасындай жарқылдап жүрген саңлақтарымыздың жеңістері дәлел. Сондай-ақ, жыл сайын республикамызда қазіргі заман талабына сай жабдықталған спорт кешендерінің бой көтеруі де салаға барынша бет бұрылғандығын айғақтайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында қазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортқа тартылуы тиіс деген болатын. Бүгінде осы бағытта көптеген игі бастамалар көтеріліп, жемісті жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруға павлодарлықтар да барынша үлес қосуда. Былтырғы жылы жасанды жабынмен қапталған оннан аса шағын футбол алаңы ашылды. Сондай-ақ, тұңғыш рет үлкен теннис орталығы мен боксшыларға арналған кешен бой көтерді. Қала ішінде баскетбол ойынына арналған алаңдар салынып, шайбалы хоккеймен айналысуға мол мүмкіндік жасалды. Облысымыздың әрбір ауданына спорт кешендері орнатылды. Ұлттық спорт түрлеріне де барынша жағдай жасалды. Қысқы спорт та қолдаудан кенде қалмады. Биылғы жылы облыс орталығында футбол бойынша «Ертіс» олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімідер мектебінің стадионы аумағында (бұрынғы «Автомобилист») көпсалалы бірегей спорт кешені бой көтермек. Сонымен қатар, облысымызда алғаш рет бокс орталығы ашылады және Усолка мөлтек ауданында шаңғы орталығын іске қосу жоспарланып отыр.

Азиададан құр қол қайттық. Неге?


Өкінішке қарай, осындай жаңа үлгідегі спорт нысандары бола тұра, жергілікті спортшылардың республика бойынша көрсеткіштері төмен. Мәселен, Қазақстанда қысқы спорт түрлеріне арналған орталықтардың бірі біздің облыста орналасқан. Шыны керек, мұндай орталық өзге өңірлерде әлі салынған жоқ. Десек те, осы қысқы спорт түрлерінен Павлодар облысының мерейін өсіріп жүрген спортшыларымыз некен-саяқ. Алысқа бармай-ақ, биылғы қазақ елінің мерейін өсірген Азиада ойындарын алайық. Осынау дүбірлі додада өңірімізден екі-ақ спортшы қатысып, ұлттық құраманың намысын қорғады. Жүлделі орындарға іліге алмаған спортшыларымызды сонда да арқаға қағып, мақтаймыз. Ал керісінше, қысқы спорт түрлері дамымаған Оңтүстік Қазақстан облысының өрендері Астана мен Алматы төрінде өткен байрақты бәсекеде ел қоржынына бірнеше мәрте жүлде салды. Мұны облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев жуырда әлеуметтік сала бойынша өткен жиналыста атап өтті. Қысқы спорт түрлерімен айналысуға «Зеленая роща» шаңғы базасы, «Астана» мұз сарайы және тағы да басқа үлкенді-кішілі спорт кешендері жұмыс істейді. Биылғы жылы тағы да бір шаңғы орталығы ашылмақ. Осыдан кейін, павлодарлық ұл-қыздар қысқы спорт бойынша биіктерді бағындыра алмаса, намысымызға сын болары анық.

Бокстан бағымыз ашылмай жүр


Облысымызда соңғы жылдары кенжелеп қалған спорт түрінің бірі – бокс. Аймағымызда бокс орталықтары жұмыс істесе де, Қазақстан біріншілігінде алтыннан алқа таққан боксшыларымыз тым аз. Ең соңы, жүлделі орындарға ілінбей қалатын да жағдайлар кездеседі. Мұндайда, көш жүре түзеледі деп өз-өзімізді іштей жұбатамыз. Павлодар облысының бокстағы жеңісті жолы Азамат Мақажановпен тоқтады. Ал оның ізбасарлары ел біріншілігінде әлі топ жара алмай келеді. Бапкерлерден мұның себеп-салдарын сұрасақ: «Алар асуымыз әлі алда. Тек, спортшылар дайындалатын зал жоқ» деген жауапты алға тартады. Оған да көнейік. Алла қаласа, биыл бокс орталығы ашылады. Бапкерлердің сенімі ақталып, ұл-қыздарымыз әлем төрінде атой салса, жаңа орталықтың өңір боксшыларына тигізген шапағаты деп біліңіз.

Теннистен де жағдайымыз мәз емес


Павлодар облысынан шыққан республикаға танымал үлкен теннисшілерді әлі естіген жоқпыз. Бүгінде әлемге кеңінен танымал спорт түрлерінің бірі — осы үлкен теннис. Еуропа елдерінде әлдеқашан дамыған бұл спорт біздің елімізде енді ғана қанат жаюда. Соның бір дәлелі – облыс орталығында өткен жылдың желтоқсан айында есігін айқара ашқан теннис орталығы. Жалпы, бұл спорт түрінен республика бойынша ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз шамалы. Сірә, оның бәрі алдағы күннің еншісінде болар.
Ал енді мына жағдайға назар аударыңыз. Елімізде көркем гимнастика, муай-тай, кикбокс, каратэ секілді спорт түрлерінен Павлодар облысына тең келер құрама жоқ. Бірақ, аталмыш спорт түрлерімен айналысатын ұл-қыздар аядай ғана спорт залда жаттығады. Тіпті, осыларға арналған жеке спорт кешендері де жоқ. Қаладағы кешендердің бір бөлмесін паналап, мықты спортшылар даярлайтын жаттықтырушылардың еңбегіне қайран қаласың. Мәселен, аймағымыздың муай-тай және кикбокс шеберлері тап-тар бөлмеде жаттығады. Дегенмен, ел ішінде көрсетіп жүрген нәтижелері өте жақсы. Тіпті, Қазақстан ұлттық құрамасында павлодарлық кикбоксшылар мен муай-тай шеберлері көптеп өнер көрсетеді. Сірә, қазақтың: «Шын тұлпарға тұсау жоқ» деген нақылы осындай ұл-қыздарымызға қатысты айтылған секілді.

Тоғызқұмалақ — тұғырда


Павлодар облысын биіктерге жетелеп жүрген спорт түрлерінен ұлттық ойындарымызды ерекше айтып өтуге болады. Әсіресе, тоғызқұмалақшыларымыз бес жыл қатарынан Қазақстандағы ең үздік ұжым болып танылды. Тұңғыш рет тоғызқұмалақтан Астана қаласында өткен Әлем біріншілігінде жерлестеріміз жақсы нәтижеге қол жеткізді. Сонымен қатар, өңірімізде ат спорты ойындары да ерекше қарқынмен дамуда. Көкпар, теңге алу, аударыспақ секілді ойын түрлерінен Қазақстан құрамасында өнер көрсететін спортшыларымыз баршылық. Бұған да тәубе дейміз, әрі жарқын жеңістер күтеміз.
Футбол, баскетбол, волейбол секілді спорт түрлерінен облысымыздың деңгейі жаман емес. Отандық спортта өзіндік қолтаңбасын қалдырған футболшыларымыз, волейболшыларымыз бен баскетболшыларымыз Қазақстан ұлттық құрамасын әлемдік додаларда бастап жүр. Гандбол да айтарлықтай жақсы дамыған. Тек, спортшыларға жаттығатын арнайы кешен жоқ. Сол себепті, еліміздің бас командасында тамаша ойынымен көзге түсетін Риза Мұқанова Павлодарға «сыймай», Алматы қаласына кетті. Айта берсең, мұндай мысалдар өте көп. Оның бәрін тізгенімізбен, өңірлік спорт өрге басып кете қоймас. Біздің мақсат – қарапайым халықты салауатты өмір салтына тарту, жас жеткіншектерді спортпен дос болуға үндеу. Себебі, барша қазақстандықтардың денсаулығы — біртұтас ұлттың саулығы.

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.