Блог им. Zhadyra → ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОНДАҒЫ ҰЯТСЫЗДЫҚ ӘЛЕМІ

  • 19 декабря 2011, 17:05
  • Zhadyra
Жадыра БОЛАТҚЫЗЫ.

Кезінде қоғам көгілдір экранға зар болып, шалғайдағы ағайын радиосының құлағын шыр айналдырып, жаңалық іздеп отыратын. Ілуде бір кездесетін теледидарды тамашалағанда рухани ләззат алып, тәрбиелік мәні зор бағдарламаларды көріп, көзайым болып қалар еді. Уақыт қашанда жаңалықтардың арнасы екені анық. Жаңа заман теледидармен қоса үй басына компьютерді де алып келді. Бұл ретте өркениеттің бір бөлшегі болып табылған компьютер адамзатқа ақпарат беретін құрал ретінде жасалса да, біздің жастарымызға ол ермекке айналғанын, компьютер клубтарының көптеп ашылуынан бесіктен белі шықпаған оқушылардың күндіз-түні ойын клубтарына ағылғанын білеміз. Компьютердің жастар өмірі мен денсаулығына, санасының дұрыс жетілуі мен рухани дамуына деген кесірі туралы талай айтылып та, жазылып та жүр…
Осы ретте адамзат тарихындағы байланыс саласының рекордты жаңалығына айналған сымсыз ақпарат алмасу түрі — ұялы телефондар да біздің ортаның ажырамас қажеттілігі болып шыға келді. Және ұялы байланыс құралдары да өзінің сан қырлы «сиқырымен» біздің жас буынның санасын бірден жаулап алды. Даңғаза ырғақтағы әуендер, ана құрлық, мына құрлықтың арғы-бергі жағындағы өнер жұлдыздарының фотосуреттерінен бастап, сан түрлі бейне роликтер мен үзінділерді алақандай телефонның ішіне салып, алақанда ұстап жүретін болдық. Тіпті, отыра қалып ғаламторды шыр айналдырып шолып шығу да бүгінде көрші үйге барғаннан оңай болып кеткені белгілі.
Дегенмен, әр нәрсенің екі жағы бар. Бізге осыншалық қызмет көрсетіп тұрған ұялы телефондардың келер ұрпаққа берері не? Бүгінде студент жастар түгілі төменгі сыныптың оқушыларына дейін тетігінің құлағында ойнайтын алақандай «айнаның» арғы жағында небір сорақылықтардың барын аңғарып жүрміз бе? Сіз балаңызды еркелетіп алып берген немесе туған күніне сыйлаған ұялы телефон бүгінде түгелдей жастар санасы мен рухани кемелденуіне кедергі келтіріп отырғанын түсіне алудасыз ба? Міне, бұл сауалдар төңірегінде ойлансақ етті.
Олай дейтінім, әп-сәтте белгілі ақпаратты қалтафонның бірінен екіншісіне көшіріп ала қойып, оны қызыға тамашалап, әрі содан тәлім алатын жас буынның келешегі күмәнді. Небір жабайы көріністер мен жын ойнақтан тұратын шетелдің бейнеклиптері, адамды азаптау мен өлтірудің ашық түрдегі көріністері бүгінгі жас өреннің жүрегін қарайтуда. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқтың» көкесі осы болса керек. Жастар қалтасына тасалап ұстаса да, анайы көріністер ертең біздің қоғамнан көріне бастаса, кімді кінәламақпыз? Санасын құмарлық пен жын ойнақ билеген ұрпақтың болмысы да сабыр мен салиқалылықтан ада, қызба мінезді, мейірім мен адамгершіліктен жұрдай болып қалыптасып келе жатқанын мойындағанымыз жөн. Бүгінде ұялы телефон арқылы әртүрлі бүлікшіл топтардың, ағымдардың өз идеологиясын жүргізуге де қызмет етіп жатпасына кім кепіл. Ал біздің бейбіт қоғамға қажетсіз ақпараттардың бұлайша таралуына ешкім де тосқауыл бола алмауда.
Сондықтан, әсіресе мектеп жасындағы балаларға ұялы телефон ұстауға тыйым салу немесе белгілі бір шектеудің керектігін ескерген жөн. Болмысы ұят пен ардан тұратын қазақтың түсінік-танымына бүгінде әкесі мен қызы ашық-шашық жағажайда жата беретін батыстың мәдениеті үлгі бола алмайды. Бұл біздің рухани азғындауымызға алып келері сөзсіз.

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.