Блог им. Zhadyra → ОЙДАН ҚҰРАСТЫРҒАН ЫРЫМ КӨП

  • 19 декабря 2011, 17:10
  • Zhadyra
Жадыра САТТАРОВА.
Қарапайым халық қателесіп жүрген жоқ па?

Қара мысық. Жолын болмайды. Қаншалықты шындыққа саяды?Адам табиғаты естіген яки көрген нәрселерінен қандай да бір мағына шығарып, оны жорамалдауға жақын тұрады. Жақсы жаңалық естіп немесе көңіліне хош бірнәрсені көрген сәтте оны жақсылыққа балайды. Ал керісінше ұнамсыз сөз естіп, жағымсыз нәрсе көрген кезде оларды жамандыққа ырымдай бастайды. Ислам дініне дейін арабтарда ырымға илану қатты орын алған екен. Мысалы, олар жолға шығарда отырған құсты үркітіп ұшыратын. Егер құс оң жаққа бет алатын болса, онда сапарға шығуды дұрыс санап, жол жүруге бел байлайтын. Ал егер сол жаққа ұшатын болса, онда сапардың сәтсіз болатынын болжап, жол жүруден бас тартатын. Яғни, олар Жаратушының жазғанына емес, көк аспанды самғап ұшуды ғана білетін қос қанатты құстың ұшқан бағытына қарап іс-әрекет жасайтын. Құдды оларға сәттілік сыйлайтын да, жаманшылықты жазатын да «құдіретті» құс тәрізді. Қазақ халқы өте ырымшыл. Қара мысықтың жолын кескенін көрсе, сапарының сәтсіз болатынын болжайды. Әлдебір себеппен бір жағдайға ұшырай қалса, оны Алланың жазғаны деп емес, әлгінде жолын кескен қара мысықтың кесірі деп біледі. Қазіргі таңда кейбір ырымдар мен негізсіз тыйымдарға танымы таяз жандар құлай беріліп, қатты сенеді. Мысалы, жаңа түскен келіннің жүзіне ұн жағылмай қалса, «жаман боладыға» болжап, аталмыш ырымды орындатпай қоймайды. Ал бірақ сол үйлену тойында арақ ішіліп, небір жат нәрселер жасалып жатса да, оған жаны ауырып, көңілі құлазымайды. Адамға пәлекет пен кесір келсе, мұндай негізсіз ырымдардың орындалмай қалуынан емес, әлгіндей жаман нәрселердің кесірінен болатыны сөзсіз.
Ырым дегенде тағы бір ескере кететін жайт – белгілі бір заманның тұрмыс-жағдайына байланысты ескерілген кейбір гигиеналық тыйымдардың қазіргі таңда ырымға айналуы. Мысалы, «түнде тырнағыңды алма, жаман болады!» деп жатады. Шын мәнінде бұл ырым емес. Бұл – қазіргідей жарық шамы жоқ әрі ыдыс- аяғы мен жатын орны жақын орналасқан кішігірім қазақы үйде ғұмыр кешкен халықтың гигиена сақтануынан туындаған ұстаным. Себебі, қараңғыда алынған тырнақтың ыршып ыдыс-аяққа түсіп, одан әрі адамның ішіне кету қаупі бар. Сондай-ақ, бұрынғы кезде тырнақты қазіргідей оңай алатын құралдар болмағандықтан, қараңғыда тырнақ алған адам тырнағымен бірге саусағын кесіп алуы ықтимал. Ал енді бүгінгідей жарығы мол, ыдыс-аяғы бөлек тұратын бірнеше бөлмелі үйде мұндай тыйымның қажеті жоқ екені рас.
Қазақта: «Үйге қарай жүгірме немесе атпен шаппа, жаман болады!» деп жатады. Бұл сөз де, әсілінде, ырым емес, үлкен этикадан туындаған тәлімі терең тыйым болмақ. Олай дейтініміз – көбіне жау шапқанда немесе басқа да суық хабарды жеткізерде хабаршы жай жүріске салмай, шауып келеді. Міне, сондықтан тыныш уақытта үйге қарай шауып келу –
елдің жүрегіне үрей салу болғандықтан, бабаларымыз «үйге қарай жүгірме, яки, атпен шаппа!» деп этикалық астары қалың тыйымдарды айтып отырған. Әйтпесе, үйге қарай жүгіру мен шабудың нәтижесінде жаманшылық болмайтыны ақиқат.
Көңілге келген әлдебір нәрсені жаманшылыққа жору, кесірді кесіп ырымдау — дінімізде жоқ нәрсе. Өйткені, ешбір негізсіз жаманшылықты ырымдап, оған сенуде жүрекке үрей салып, болашаққа күмәнмен қарау жатыр. Мұнымен қоса, өз жүйкесін өзі жұқартып, айналасына жағымсыз жағдай қалыптастырады. Соңынан өзінің де, өзгенің де құтын қашырады. «Алла қаласа, жақсылығы боп қалар!» деп үміттену керек. Жақсы ой, жақсылыққа үміттену кісіні алға ынталандырады, жігер-қайратын қамшылайды.
Қазақтың:«Жақсы сөз – жарым ырыс» деуі деосыған сайып келмей ме?! Малдың бас сүйегін немесе аттың тағасын босағаға іліп қойып, оларды түрлі пәле-жаладан сақтайды дегендей нанымдар мен өмірде кездесетін көңілге жағымсыз нәрселерді негізге алып, оны
жаманшылыққа жору Ислам дінінде мүлде жоқ. Ал кейбір көңілге хош көрінген нәрселер мен жағымды сөздерді жақсылыққа жорудың еш артықшылығы бола қоймас. Бастысы, асыл дініміз алшақтамай, салт-дәстүрімізді кенжелетпей, көңілге құп, жүрекке жақын келетін ырымдарға сенген абзал. Себебі, әр нәрсені жақсылыққа жору арқылы қамшының сабындай ғана ғұмырымыздың мәнді де сәнді өтуіне психологиялық тұрғыдан өз септігімізді тигіземіз.

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.