Блог им. Zhadyra → МЕН - ӘЙЕЛМІН, ӘЛЕМНІҢ АНАСЫМЫН!

  • 19 декабря 2011, 17:15
  • Zhadyra
Жадыра САТТАРОВА.

Расында да бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін асыл аналарымыз — жан біткеннің қамқоршысы, жанашыры. Қасиетті кітап Құран Кәрімде де аяулы да асыл жанның алар орны ерекше. Он сегіз мың ғаламды жаратушы Алла Тағала адамзат баласын аналарды құрметтеуге шақырады. «Жұмақ ана табанының астында» деген бір ауыз сөздің өзінде анаға деген құрмет пен ізет жатыр. Дана қазақ, анаңды қасиетті шаһар Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, оның алдындағы парызыңнан құтылмайсың дейді. Иә, баласы үшін түн ұйқысын төрт бөлетін абзал жанға қанша жақсылық жасап, қанша құрмет көрсетсек те артық етпейді. «Баланың табанына кірген тікен, ананың маңдайына қадалады» демекші, бауыр еті баласы үшін өмірдің азабы мен қуанышына, жылуы мен суығына қатар шыдайтын ақ жүректі аналарымыз — Жаратушы Иемізден кейінгі қамқоршымыз.
Нәзік жанды әйел баласының ізгі қылығына тұлпар құны татымайды деп айтатын қазақ халқының бұл сөзінде терең мағына жатыр. Себебі, қазақтың қызы — қамшының сабындай қысқа ғұмырдың іңкәрлігі әрі ұлтымызға тән ұлылықтың сыр сандығы. Ежелден елге құт бола білген қазақ қыздары адалдық мен пәктікті бәрінен де биік қойған ар-намыстың байрағы іспеттес. Наз күлкісімен жан біткенді баурап алатын нәзік жанды аруларымыз — қашанда ақ пейілден айнымас достықтың нышаны. Ердің жары, ертеңгі ел анасы қазақ қызы сан ғасырдан мирас болып келе жатқан салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың алтын діңгегі. Жанары таңғы шықтай мөлдіреген асыл жандарымыз — нағыз тазалықтың айнасы. Ата-бабамыздан қалған мол мұраны өскелең ұрпақтың бойына дарыта білген аналарымыз бұдан басқа да көптеген жақсы қасиеттерге ие. Тек оны жырлап айту үшін аналардың үлкен жүрегіндей жүрек керек.
Қыз баланы құдайындай сыйлап, құрметтейтін қазақ халқы — нағыз даналықтың тектілігін танытқан ел. «Алаштап» ұрандап ел іргесін жау оғынан қорғай білген ер жігіттерімізге қазақ қызы қашанда тіреу болған. Керек кезде қолына ақ найзасын алып, ел тыныштығын бұзғысы келген бөтен ойлы «бөрілерге» қазақ халқының батылдығы мен қайсарлығын паш еткен. Ел арасына іріткі салар дау-дамайларда шешендігімен көзге түскен асыл жандарымыздың тапқырлығы нағыз қазақ қыздарына ғана тән. Бүгінгі күні ел мүддесі үшін қызмет атқарып жүрген апаларымыз да баршылық. Қазақстанның ішкі, сыртқы саясатын қадағалап, халықты тура жолға бастай білген қазақ қыздарының көрегендігі мен білгірлігі — ата-баба қанымен дарыған қасиет.
Заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов: «Әйел шынын айтса да себебі бар, өтірік айтса да себебі бар» деген екен. Шынымен, ер жігіттердің жамандығын жасырып, жақсылығын асырып жүрер нәзік жанды аруларымыздың амандығына не жетсін. Қазақ қызы қазақы қайсарлық пен қайрат-күштің байрағы болып биікте мәңгі желбірегей!

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.