Блог им. Zhadyra → НАСЫБАЙЫМ БОЛМАСА АУЫРАДЫ БАСЫМ-АЙ

  • 19 декабря 2011, 17:20
  • Zhadyra
Жадыра БОЛАТҚЫЗЫ.

Бауырым «шал» бар ма?
— Өзімде бір-ақ салым қалды, айып етпе?!
— Не, темекіні тастағансың ба?
— Иә, шылым денсаулығыма ауыр тиіп жүр. «Шал» жеңіл дегесін бастап кеттім.


Міне, бұл — бүгінгі жас жеткіншектердің бір-бірімен кездесіп қалғанда амандық-саулықтан кейінгі айтатұғын сөздері. Жан-дүниесін шылымның түтінімен улаған замандастарымыз енді насыбайдың қармағына ілігуде. Бұрнағы жылдарда қала көшелерінен темекінің көк түтінін будақтатып тұратын жастарды көп көрсек, ал енді насыбайды аузына толтырып, шырт-шырт түкіретіндерді жиі кездестіреміз.
Мектеп қабырғасында оқып жүргенде насыбайды ауылдағы аталар ғана салады деп ойлайтынмын. Бірақ, қателесіппін. Сөзім нақтырақ болуы үшін басымнан өткерген бір оқиғамен бөлісейін. Оқушы кезімде өзім шамалас балалардың темекіге әуестеніп, мектептің арт жағын жиі тасалайтынын байқайтынмын. Тіпті үзіліс уақытында өрістен қалып бара жатқан сиырлар секілді бірінің артынан бірі қаз-қатар тізіліп мектептің артына асығатын. Ондағы мақсаттары мұғалімдердің көзіне көрінбей, тасаға тығылып темекі шегу еді. Ара-тұра қызу әңгімеге беріліп кеткенде жолдастарымнан «шылымды неге шегесіңдер, керегі не осының?» деп сұрайтынмын. Сонда олар: «Оу, Ереке, темекі тартпасаң, арақ ішпесең жігіт емессің! Одан да кеш болмай тұрғанда осылардың бәрін үйрен, әйтпесе сұлу қыздардан құр қаласың» деп әзілге айналдырып, өзімді келеке қылдыратын. Мейлі, өз есебім өзімде. Осылай ойласам да, достарымның оғаш әрекет жасап жатқандарына өкінетінмін. Арада бірнеше ай өткесін олардың мектептің артына барулары сейіле түсті. «Е, бұларға мұғалімдер қатаң ескерту жасаған ғой» деп ойладым ішімнен. Бірақ, тағы да қате тұжырымдаппын. Енді олар темекіні тастап, басқасын, яғни насыбайды ермек етеді екен. Мектеп ішіне жиналып алып, ауыздарын сасытып насыбай салады. Онымен қоймай қабырғалардың бұрыш-бұрышына түкіріп, мектеп ішінде сасық иіс шығатын болды. Мұны да бір күні байқап, ескерткенімде: «Ереке, қолыңнан келмесе, қойсаңшы. Сенің өміріңе біз араласпаймыз ғой!», — деп ренжіген сыңай танытады. Иә, олардың өмірлеріне араласқаным артықтау шығар, бірақ өз денсаулықтарына өздері балта шауып жатқандары жанымды қинайтын. Уақыт өте келе достарым ауылда насыбай таусылып қалса, ақ сақалды аталардан ұрлап немесе сұрап алатынды шығарды. Өзінің немересіндей ғана балаға насыбай тарататын ақсақалдыкі не десеңші?!

Ауылдың мектебін тәмамдап, студент атанғаннан бастап ара-тұра ауылға барып тұрамын. Ауылымның жап-жас балаларын көріп, жағамды ұстаймын. Үлкенді сыйлау дегенді мүлдем ұмытып, мұғалімдердің көзінше насыбай салып, темекі шегіп, арақ ішетіндерін көріп қатты налыдым. Ол аздай, түнімен қаңғырып, ауыл ішін азан-қазан қылдырып төбелесетіндерін де естідім. Әлгі балалардан сұрасам, «Сіздердің салып берген жолдарыңыз ғой, сонымен біз де жүріп келеміз» деп көздері бақырайып өзіме пәле жабады. Міне, бүгінгі ауыл жастарының әңгімесі осындай.
Қазіргі таңда жастар қауымының арасында көп таралған насыбай өнімдері олардың жан-дүниесін ушықтырады. Алайда оны елеп, ескеретіндер шамалы. Ең бастысы көптен қалмай, көштен ілгері жүрсе болғаны. Сөз етіп отырған насыбай – Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан және Қытай елдерінде ежелден қолданылатын өнім. Егер байыптап қарасаңыз, соңғы уақытта насыбай өнімдері кең көлемде таралуда. Оның кең таралуына мынадай себептер бар. Біріншіден, оны сатып алу үшін 18 жасқа толудың қажеті жоқ (бірақ, іс жүзінде кәмелетке толмағандар темекіні де еш кедергісіз сатып ала алады ғой). Екіншіден, бағасы өте арзан. Үшіншіден, насыбайды тілдің астына тастап алған адам 5-7 минут оның әсерінде болады. Міне, осы үш «керемет қасиеті» үшін насыбай өнімдерін азық қылатын жастар болашақтарына балта шабуда. Ғалымдардың зерттеу жұмыстарына қарағанда насыбайды пайдалану денсаулыққа орасан зор зардабын тигізеді. Өйткені, оның құрамына темекі, ақ балшық және тауық, өзге де жануарлар мен құстардың нәжістері кіреді. Ақ балшық пен темекі сілекейлі қабыршақты күйдіріп, бұл ақыр аяғында жазылмайтын жаралар мен құрт ауруына алып келеді. Ал жануарлар мен құстардың нәжістерінде түрлі микробтар, сонымен қатар паразиттердің жұмыртқалары болады. Олар адам ағзасына енгеннен кейін адамды улап, әртүрлі жұқпалы аурулар туғызады.

Көршілес Түркіменстан елі насыбай өнімдерін сатуға және пайдалануға әлдеқашан шектеу қойған екен. Енді кезек біздің елге де келген секілді. Дені сау ұрпақ тәрбиелейміз десек, осындай кішігірім апаттардың алдын алған жөн болар.

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.