Блог им. Zhadyra → ШАШЫ ҰЗЫН ЖІГІТТЕРДІҢ НАМЫСЫНА НАЛИМЫН

  • 19 декабря 2011, 17:28
  • Zhadyra
Жадыра САТТАРОВА.

Жаһанданудың лебі ескен заманымызда ұлттық болмысын батыстың бояуына бояп қойған замандастарымыздың саны күн санап өсіп келеді. Бұл ұлт ұрпағының бабалар аманатына адал болмағанының белгісі шығар, мүмкін. Көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ мойындайықшы, қазір, өкінішке қарай, таза қазақша сөйлейтін адам саны кемде-кем. Бүгінгі жастарымыз — көзі ашық, көкірегі ояу, құлдық санадан арылған жаңа буын десек те, ата салтты, ұлттық дәстүрді білмеген, білсе де орындамай келе жатқан буын. «Заманға сай болу керек» деген шала-жансар пікірлерімен қаракөз қыздарымыздың ашық-шашық киініп, шаштарын ешкінің құйрығы құсатып келте қылып қиюы, жігіттеріміздің құлақтарына сырға тағу, шаштарын ұзын қылып өсіру секілді көрген көзге түрпідей тиетін «имидж» жасауынан еліне емес, өзгеге еліктеген жастар келбетін көреміз.
Ертеде біздің бабаларымыз шашқа айрықша мән бергені соншалық, оны ғарышпен байланыстырып, жалғастырушы қасиеті бар деп түсінген. Ұрын келген күйеу жігітті қалыңдығымен таныстырғанда орындалатын «қол ұстатар, шаш сипатар» кәдесінің шығу төркіні де сол ырыммен байланысты. Ал біздің ғашықтық туралы жазылған жыр-дастандарымыз бен хиссаларда «шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген әсерлі теңеулер әйел шашының поэтикалық образға айналғанын көрсетеді.
«Білектей арқасында өрген бұрым, шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын,» — деп жырлаған Абай аш белге оралып, тірсекті соғатын бір бұрымды, қос бұрымды шаштардың иелері – арулардың сыр-сымбатына жүрек лүпілін арнаған. Сондықтан, қазақ қызына ғана тән сұлулықты сары алтындай сақтағанымыз жөн.
Ал, енді жігіттер жағына келсек. Қазір көшеде, аялдамада, қоғамдық көліктерде жастар тәрбиесінің қандай деңгейде екеніне куә боласың. Құлағына сырға таққан, шаштарын желкесіне түсіріп өсіріп алған жігіттерді суқаным сүймейді. Әдетте, қоғамдық орындарда сондай имидж қалыптастырып алған жігіттерді көп кездестіремін. Бірде, автобуста ине шаншар жер жоқ, қаладағы кептелістің басталған уақытында жаныма шашы маңдайынан асып, бетін жапқан қазақ жігіті келіп тұрды. Құлағында құлақшыны, ауызда сағызы, бұтына ауы тізесінен келетін шалбар киіпті. Қарап тұрсам, келбетті-ақ жігіт екен, бірақ бар көркін бұзып тұрған — жасанды имиджі. Осы жігітке қарап тұрып, адам табиғилық, қарапайымдылық, шынайылық деген дүниелерді ұмытпау керек екен ғой деген ойға келдім.

Сөзімді қорытындылай келе, қазақ жастары шынайы, қазақи, қарапайым болуға талпыну керек дегім келеді. Бабалар салған сара жолдың дара жолын жасайық, құрметті замандастар!

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.