Блог им. Zhadyra → АҚЫЛСЫЗ БАЛА АСПАННАН ТҮСПЕЙДІ

  • 19 декабря 2011, 17:32
  • Zhadyra
Жадыра ӘМІРЕНОВА.
Статистикалық деректер бойынша, қылмыстық әрекетке барғандардың 80 пайызын жас өспірімдер құрайды екен. Бұл мәліметке қарап отырып, он беске толар-толмастан ойран салып, бесіктен белі шықпай жатып-ақ «қылмыскерлер қатарына» қосылған жетесіз жеткіншектер қайдан шығады?.. деген ой туады. Көптен бері облыс балаларының мәселесімен айналысып келе жатқан Гүлбарам Науразбаева: «Бала тәрбиесі туралы сөз еткенде, алдымен оның ата-анасына, яғни тегіне, содан кейін өскен ортасына қарау керек. Әрине, әрбір ата-ана баласының бұзақы болғанын қаламайды. Бірақ, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші өз отбасында ата-анасының бір-бірімен қабақ шытысып, тіпті ұрыс-керіске жиі баратын әрекеттерін көрген балалардың көбі келешекте қатыгез, тәртіпсіз болып өседі. Неге? Себебі, ондай балалар ата-анасының мейірімін, қамқорлығын сезінбей, адамгершілік, сыйластық дегеннің не екенін білмейді. Өйткені, бұл балалар отбасында өзіне лайықты тәрбие алған жоқ. Оның үстіне үлгі көрсетер ата-анасы баланың көз алдында неше түрлі қылық шығарса, мұны көрген балақай қайдан оңады?..», — дейді. Құқық саласының қызметкерлері де адамшылықтан безіп, жаман әдетке бой алдырғандардың басым бөлігін шаңырақтағы жарастығы бұзылған, ұрыс-керіске толы ерлі-зайыптылардың отбасынан шыққан балалар мен ата-анасының бақылауынсыз кеткен жеткіншектер құрайтынын айтады.
Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы істі болып тіркелген облыстағы 225 жас өспірімнің тек 45-і ғана қатардағы қарапайым отбасының балалары екен. Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың осындай жағдайға тап болуына жол беріп, оларға дұрыс тәлім-тәрбие бере алмағаны үшін облыстық сот 60 ата-ананы бала тәрбиелеу құқығынан айырыпты. Сонымен қатар Қашыр ауданының С. деген және Успенка ауданының Ш. есімді азаматтарына бауырындағы балаларына негіссіз қаталдық көрсеткені үшін қылмыстық жаза да қолданылған. Балалардың құқықтарын қорғау мақсатында құрылған облыстық комиссия бақылау барысында облыстың әр түкпірінен тұрмысы ауыр отбасыларынан шыққан 500-ден астам тәрбиеге мұқтаж жеткіншектердің бар екенін анықтаған. Міне, бұл аталған мәліметтерге қарап отырып, еріксіз ойға шомасың…
Елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы жыл сайын жақсарып, мемлекет тарапынан барша халықтың мәнді де сәнді өмір сүрулері үшін үлкен мүмкіндіктер жасалып жатқан тұста кей адамдардың бұлайша кері тартып жататыны өкінішті.
Қазіргі таңда осындай ойы таяз, ақылын ашуға, санасын сезімге билеттіріп алған қауһарсыз ата-аналардың кесірінен қоғамымызда жүйке-жүйесінде ахауы бар, жаман әдеттерге әуес, жігерсіз ұрпақтар қатары көбеюде. «Тегіне қарап тегін бер», — дейтін халқымыз бұрынғы заманда алақанына салып, аялап өсірген бойжеткен қызы текті ауылдың азаматына қалыңдық болып жатса, «қалыңмалсыз-ақ» беруді ұйғарған. Бұл да түсіне білген адамға үлкен ойды аңғартады. Сонымен қатар «Әкесіне қарап ұл өсер, анасына қарап қыз өсер», «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген мақал-мәтелдер де тегін айтылмаса керек. Соған қарағанда отбасында бірін-бірі сыйламайтын, аузы арақ-шарап пен шылымнан босамайтын ата-ананы көрген ұл-қыздың болашақта қандай азамат болып өсетіні айтпаса да түсінікті… Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда осындай отбасыларынан шығып, өз болашағының тамырына балта шауып, шалыс басып жүрген қаршадай ұл-қыздар көп. Мәселен, бір ғана дәлел келтірер болсақ, бүгінде елдегі алкоголь өнімдерін тұтынатындардың 40 пайызын кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектер құрайды екен. Мамандар балалардың осындай күйге түсуіне бірінші кезекте отбасындағы осал тәрбие, содан кейін қалтасының қамын ойлаған саудагер азаматтардың өз ісіне жауапкершілікпен қарамағандықтары ықпал ететінін айтады. Оған былтырғы жазда Қазақстан Республикасының Заңына шекесінен қарап, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға ішімдік заттары мен шылымдарды емін-еркін саудалағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған 41 сауда нүктесі қызметкерлерінің ісі дәлел. «Жығылғанға жұдырық» болған осындай әрекеттер онсыз да оңы мен солын танып білмеген албырт жастардың жамандыққа бет бұруына жол ашуда. Оның үстіне бүгінгі қоғамда техника да, ғылым да тым қатты дамып кеткендіктен, соған сай адамдардың психологиясы да өзгеріп, әсіресе, жастар мен балалар зымыраған заманның ырғағымен бірге тез есеюде. Жас жеткіншектердің көбі қазір компьютердің алдында отырып-ақ, ғаламтор арқылы ұлттық санамызға жат неше түрлі дүниелерді көреді. Көгілдір экраннан көретіндері де батыстың атыс-шабыс кинолары мен жадағай бейнеклиптері. Қысқасын айтқанда, жеткіншектер үлкендер білмеген сұмдықтың бәрінен хабардар деуге болады. Міне, осының бәрі бала тәрбиесіне қатты ықпал етеді. Сол үшін ел ертеңі болар бүгінгі жас буынның қылмыстан көз ашпай жатқанына қоғамдағы құбылмалы өзгерістермен қатар ата-анасының берген тәрбиесі де өз әсерін тигізеді. Қандай ата-ана болсын туған баласына жамандық ойламайтыны абзал. Ендеше, ұрпақ қамы үшін, бауыр еті баласының болашақта ел қатарлы жақсы азамат болып өсуі үшін әр ата-ана бүгіннен бастап ойланғаны абзал.

Комментарии (0)

RSS свернуть / развернуть

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.